Спорт

Уразбахтин «Қайраттың» «Левскиден» жеңілуіне не себеп болғанын түсіндірді

Сурет: «Қайрат» ФК

Алматылық «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясындағы болгариялық «Левскиге» қарсы қарымта матчтан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Қайрат» өз алаңында өткен қарымта матчта да 0:1 есебімен есе жіберіп, Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады. Екі матчтың қорытындысы бойынша «Қайрат» 0:2 есебімен ұтылды.

Рафаэль Уразбахтин ойыннан кейінгі баспасөз брифингінде командаға қолдау көрсету үшін стадионға келген жанкүйерлерге алғысын білдірді.

«Бірінші кезекте бүгін бізді қолдауға келген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Олар керемет атмосфера қалыптастырды. Өкінішке қарай, жанкүйерлерді жеңіспен қуанта алмадық. Әрине, өкінішті, көңіліміз қалды. Бар күшімізді салдық. Бірақ қақпаға бағыттаған соққыларымызды ескерсек, кем дегенде бір гол соғуға лайық болдық деп ойлаймын. Өкінішке қарай, нәтиже болмады», деді бас бапкер.

Рафаэль Уразбахтиннің айтуынша Чемпиондар лигасындағы мұндай ойындар командаға тәжірибе жинауға мүмкіндік беретінін атап өтіп, алда «Қайратты» Қазақстан чемпионатындағы маңызды ойындармен қатар, еурокубоктағы кездесулер күтіп тұрғанын еске салды.

«Алдымызда өте маңызды матчтар бар. Чемпионатта да, еурокубокта да негізгі кезеңге шығу үшін күрес жалғасады. Барымызды салдық, аз ғана нәрсе жетіспеді. Қалай болғанда да әрі қарай қозғалуымыз керек. Осындай ойындар арқылы тәжірибе жинаймыз. Бұл тәжірибе болашақта бізге көмектеседі деп үміттенемін», деді Уразбахтин.

Айта кетейік, енді «Қайрат» еурокубоктағы маусымын Еуропа лигасында жалғастырады. Алматылық клуб келесі кезеңде «Андерлехт» – ПАОК жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Еске салайық, алматылық клуб бұған дейін өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» 2:1 есебімен жеңген еді.

Көп оқылғандар