Сурет: Wizz Air
Прагадан Римге ұшып бара жатқан Wizz Air әуе кемесі бортта жарылғыш зат болуы мүмкін деген ақпараттан соң бағытын өзгертіп, Венецияға қонды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұқсас жағдай Римнен Лиссабонға ұшқан Ryanair ұшағында да тіркелді. Португалия билігі әуе кемесіне қатысты мәліметті тексеруде.
CNN Portugal мәліметінше, Ryanair ұшағы жұма күні таңғы 07:54-те Лиссабондағы Умберту Делгаду әуежайына қонған. Полицияға бортта жарылғыш зат болуы мүмкін деген телефон хабарламасы түскен. Қазір тиісті қызметтер ақпаратты тексеріп жатыр.
Wizz Air ұшағына қатысты бомба туралы хабар Рим әуежайының диспетчерлеріне түскен анонимді қоңыраудан кейін тараған. Содан соң әуе кемесі бағытын өзгертіп, Венецияға қонған.
Бейсенбі күні Еуропада кемінде 25 әуе рейсіне бомба қойылғаны туралы жалған хабар түскен. Апта басында тағы сегіз рейске қатысты осындай ақпарат тараған.
Еурокомиссияның көлік мәселелері жөніндегі комиссары Апостолос Цицикостас бұл оқиғалардың өзара байланысы бар-жоғын анықтауға әлі ерте екенін айтты. Ал Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы әуе қатынасына кедергі келтірген жалған хабарларды айыптап, олардың қайдан тарағанын анықтауға шақырды.
Бұған дейін Тель-Авивтен Венаға ұшып бара жатқан Austrian Airlines әуе компаниясының Airbus A320 ұшағы бомба қойылуы мүмкін екені туралы хабар түскеннен кейін Болгарияға шұғыл қонуға мәжбүр болған еді.
Мазмұнға өту
