Сурет: ҚТФ
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Уимблдон турнирінің жұптық сынында ширек финалға шыға алмады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Әлемнің 6-ракеткасы Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген еді. Үшінші айналымда олар эстониялық Ингрид Нил мен мексикалық Джулиана Олмостан тұратын жұпқа қарсы ойнады.
Бірінші партияда Данилина мен Крунич 7:5 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда есеп 3:3 болған кезде қарсыластар брейк жасап, 6:4 есебімен ұтты. Үшінші, шешуші партия да дәл осындай есеппен Нил мен Олмостың пайдасына аяқталды.
Екі сағат 48 минутқа созылған матчта Данилина мен Крунич 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тек біреуін ғана пайдаланды. Қарсылас жұп 2 эйс және 2 брейк (6 брейк-пойнт) көрсетті.
Осылайша, Анна Данилина Уимблдондағы жарыс жолын аяқтады.

