Спорт

Wilders «Болашақ ойындары» финалында LIGA PRO TEAM-ды тізе бүктірді

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің Phygital Basketball presented by Halyk Fund дисциплинасында финалдық кезең аяқталды. Бұл жолы фавориттер күтпеген жерден сүрініп, Wilders командасы жеңіске жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өткен ойында Wilders екі дүркін чемпион LIGA PRO TEAM-ды 36:26 есебімен ұтты. Цифрлық кезеңде Wilders 19:16 есебімен алға шықты, ал физикалық бөлімде 17:10 есебімен басым түсті.

Үшінші орын үшін болған матчта Dangerous командасы Triada-ны 39:36 есебімен жеңіп, қола жүлдені иеленді. Виртуалды бөлімде Triada 19:18 есебімен алда болғанымен, паркетте Dangerous 21:17 есебімен есе жібермеді.

«Біз ойын барысында команда ретінде бірімізді-біріміз жақсы түсініп, жұмылып, жеңіске лайық екенімізді дәлелдедік деп ойлаймын. Кез келген жағдайда соңына дейін күресіп, бапкердің нұсқауын бұлжытпай орындауға тырыстық. Финалдың цифрлық кезеңінде ойын шамамен тең дәрежеде өтетінін түсіндік. Кездесудің физикалық бөлігі де оңай болды деп айта алмаймын. Бақытымызға орай, біздің топтың мергені Семен (Sam) өз дегеніне жетіп, допты бірінен соң бірін себетке дәл түсіріп жатты. Қалай дегенде бар күшімізді салдық, осы жолы жеңіс біздің жағымызда болды», деп пікір білдірді Wilders командасының ойыншысы Сергей Козлов.

Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды: Wilders – 100 мың доллар, LIGA PRO TEAM – 60 мың доллар, Dangerous – 35 мың доллар алды. Ал үздік 16 команданың барлығына ұйымдастырушылар ақшалай сыйлық берді.

Сол күні MOBA PC Dota 2 Presented by CenterCredit дисциплинасының ширек финалы өтті. PlayTime командасы GLYPH-ті, ал Team Resilience Xtreme Gaming-ді жеңіп, жартылай финалға шықты.

Жүлде қоры 4,65 миллион долларды құрайтын «Болашақ ойындары 2026» powered by Samruk-Kazyna турнирі 9 тамызға дейін жалғасады. Phygital Football UFL, Phygital Shooter CS 2, MOBA Mobile MLBB дисциплиналарында жарыстар басталды. Phygital Dancing 6–7 тамызда, Phygital Fighting 8 тамызда өтеді.

Көп оқылғандар