Әлем

Волгоград–Мәскеу рейсінде жанжал шығарған жолаушы қамауға алынды

Сурет: ашық дереккөз

Ресейде Волгоградтан Мәскеуге ұшқан ұшақта жолаушы әуе кемесін басып алатынын айтып, жанжал шығарды. Оқиға салдарынан рейс екі сағаттан астам кешігіп, 42 жастағы ер адам алты тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға 8 қарашада Волгоград әуежайында болды. Мәскеудің Шереметьево әуежайына ұшуға дайындалып жатқан «Аэрофлот» компаниясының Airbus A320 ұшағында шамамен 150 жолаушы болған. Солардың бірі әуе кемесін басып алатынын айтып, жанжал шығарған.

Полиция қызметкерлері ер адамды бірден ұстады. Кинологтар қызметтік итпен ұшақ пен жолаушылардың жүгін тексерді, бірақ жарылғыш заттар мен күмәнді бұйымдар табылмады.

Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған азамат Мәскеу облысының тұрғыны. Ол мас күйде болғаны байқалғанымен, медициналық тексеруден өтуден бас тартқан.

«112» Telegram-арнасы оның Қазақстанда туған 42 жастағы Алексей А. екенін хабарлады. Арнаның дерегінше, ер адам бұған дейін ұрлық және адам өлтіремін деп қорқыту деректері бойынша сотталған.

Оқиға салдарынан Волгоград – Мәскеу бағытындағы SU1185 рейсі кешікті. Ұшақ 8 қарашада сағат 21:45-те ұшуы керек болғанымен, әуеге тек 9 қарашаға қараған түні сағат 00:12-де көтерілді.

Көлік полициясы ер адамға қатысты полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау және есірткі не психотроптық заттарды медициналық көрсетілімсіз тұтыну баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Сот оны алты тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, әуе кемесіне қатысты жалған қауіп-қатер туралы мәлімдемелер бұған дейін де тіркелген. Мәскеу – Астана бағытындағы ұшақта қоғамдық тәртіпті бұзған 36 жастағы шетел азаматы 12 тәулікке қамауға алынды.

Көп оқылғандар