Спорт

Волейболдан жастар лигасының екінші туры бес өңірде басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

2026–2027 жылғы маусым күнтізбесіне сай, волейболдан жастар лигасының екінші туры оқушылардың күзгі демалысы алдында еліміздің бес өңірінде өтеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Волейболдан мемлекеттік жаттықтырушы Нұрпейіс Қонысбайдың сөзіне қарағанда, ұлдар арасындағы жарыстар төрт жас санаты бойынша ұйымдастырылады.

2014–2015 жылы туған спортшылар Өскеменде, 2012–2013 жылы туғандар Шиелі ауданында, 2010–2011 жылы туғандар Шымкентте бақ сынайды. Ал 2009 жылы туған және одан кіші жастағы ойыншылар Қазалы ауданында жарысқа түседі.

Қыздар арасында 2014–2015 және 2012–2013 жылы туғандар Өскеменде өнер көрсетсе, 2010–2011 жылы туғандар Талдықорғанда, 2009 жылы туған және одан кіші жастағылар Павлодарда бақ сынайды.

«Жастар лигасының жаңа маусымы төрт турдан тұрады. Ел чемпионатының жеңімпаздары 2027 жылы барлық турдың қорытындысы бойынша анықталады. Биылғы маусымда балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілерімен қатар, жекеменшік волейбол академияларының ойыншылары да жарысқа қатысады. Бұл командалар арасындағы бәсекелестікті арттырып, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді», деді ол.

Бұған дейін волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лиганың 2026/2027 жылғы маусымы басталғанын хабарлаған едік.

Көп оқылғандар