Сурет: Миллий статистика қўмитаси
Былтыр елімізде 27 мыңнан астам, ал биылғы алғашқы жартыжылдықта 5 300 интернет-алаяқтық тіркеліп, азаматтарға миллиардтаған теңге шығын келді. Осыған байланысты 20 тамыздан бастап смартфондарды сату тәртібіне жаңа өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сауда және интеграция министрлігі Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында бұдан былай сатушы IMEI-кодты сатып алушыға төлем жасалғанға дейін көрсетуге міндетті болатынын айтты.
— Бұл өзгерістер заңсыз әкелінген құрылғылардың айналымын азайтып, азаматтарды алаяқтардан қорғауға бағытталған, — деді спикер.
Маманның сөзінше, бұл өзгерістер тұтынушылардың жиі көтеретін мәселесінің бірін шешуге бағытталған. Бұған дейін азаматтар верификациядан өтпеген смартфон сатып алып, кейін оның заңдастырылмағанын білген жағдай көп болатын. Кейде сот органдары бұл жауапкершілікті тұтынушының өзіне жүктейтін. Енді олай болмайды. Егер тұтынушының құқығы бұзылса, ол департаментке жүгіне алады.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, верификациядан өтпеген телефон енді тиісті емес сападағы тауар ретінде танылады. Сондықтан сатып алушы мұндай құрылғыны ауыстыруды, кемшілігін жоюды, шығынын өтеуді немесе сатып алу-сату шартын бұзып, ақшасын қайтаруды талап ете алады. Бұл құқықтар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабында көзделген. Тиісті өзгерістер «Сауда қызметін реттеу туралы» заңға енгізілді.
Жыл басынан бері департаментке түскен өтініштер бойынша тұтынушыларға 306 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Мазмұнға өту
