Қаржы

«Ұмай» әйелдер ипотекасы тамызда қайта іске қосылады

Сурет: Kazinform/ Canva

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы биыл әйелдер үшін қайта іске қосылады. Өтінімдерді қабылдау тамыз айында басталады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

«Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфирде бұл туралы айтты. Оның сөзінше, бағдарламаға алғашқы қаржы бөлініп, тамызда іске қосылады.

Бағдарлама талаптары бойынша, қатысушылар бастапқы жарнаны «Отбасы банкіндегі» депозитте жинауы керек. Ресми табысы бар және соңғы алты айда міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып келген әйелдер өтінім бере алады.

Алғашқы жарна ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады. 25 жылға дейінгі мерзімге 50 млн теңгеге дейін ипотекалық несие беру қарастырылған.

«Ұмай» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылға дейін жұмыс істеді. Кейін қаржыландыру уақытша тоқтатылды. Бағдарлама Азия даму банкінің (АДБ) қолдауымен жүзеге асырылады. Бастапқыда 2025 жылдың басында жаңартылған талаптармен қайта іске қосу жоспарланған еді, бірақ мерзім кейінге шегерілді.

Баспананы бастапқы (жаңа үй) және екінші нарықтан алуға болады.

Көп оқылғандар