Сурет: Egemen Qazaqstan
Әлемнің 21 елінде жұмыс істейтін «SABIS» халықаралық білім беру желісінің Қазақстандағы алғашқы мектебі Астанада ашылды. 1886 жылы құрылған бұл желі өзіндік оқыту әдістемесі мен бағалау тетіктерімен ерекшеленеді. Тоғыз гектар аумақты алып жатқан білім ошағына қазірдің өзінде 30 млн доллар инвестиция салынған.
Халықаралық мектеп салу жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапарынан кейін қолға алынды. Құрылыс жұмысы 2024 жылғы наурызда басталып, биыл толық аяқталды. Жаңа мектеп жүзге жуық адамды жұмыспен қамтығалы тұр. 3 400 оқушыға арналған кампуста оқу ғимараттарымен қатар арнаулы театр, жартылай олимпиадалық бассейн, бірнеше спорт нысаны және балабақша орналасқан. Мектептегі халықаралық оқу бағдарламасы еліміздің білім беру талаптарына бейімделіп оқытылады. Білім беру жүйесіне «SABIS» желісінің оқу материалдары мен әдістемелері, оқушылардың білімін тұрақты бағалау және өзін-өзі басқару тетіктері енгізілген.
Негізгі оқу тілі ағылшын тілі болғанымен, қазақ және орыс тілдері де оқытылады. Алғашқы оқу жылында даярлық деңгейінен бесінші сыныпқа дейінгі балалар қабылданады. Кейін сыныптар жыл сайын кезең-кезеңімен қосылып, білім беру бағдарламасы 12-сынып деңгейіне жеткізіледі. «SABIS» президенті әрі бас директоры Виктор Саадтың айтуынша, елордадағы мектеп халықаралық білім беру тәжірибесін елдің ұлттық талаптары мен мәдени құндылықтарымен сабақтастыруды көздейді.
«Мақсатымыз – Астанадағы отбасыларға елден шықпай-ақ сапалы халықаралық білім алуға мүмкіндік беру. Аталған мектеп желісінің 140 жылға жуық тәжірибесін Қазақстанның білім беру талаптары мен мәдени құндылықтарымен ұштастыруға мән береміз», деді ол.
Мектептің ашылу салтанатына Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Ұлттық инженерлік-техникалық академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев және осы саланың бір топ өкілі қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мазмұнға өту
