Сурет: Egemen Qazaqstan
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі, қатардағы жауынгер Мәди Жеткерген Қытайдың Тайбэй қаласында өткен дзюдодан Ашық Азия кубогінде алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, 11-12 шілдеде өткен халықаралық турнирге 23 мемлекеттен 236 спортшы қатысты. Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген жарыста Қазақстан құрамасынан 14 дзюдошы өнер көрсетті.
Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәди Жеткерген 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде барлық белдесуін сәтті өткізіп, қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
«Қазақстанның көк Туын халықаралық аренада көтеру – мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір белдесуге бар күш-жігерімді салып шықтым. Бұл жеңіс – ұзақ жылғы еңбектің, жаттықтырушыларымның, командирлерімнің, қарулас достарымның және отбасымның қолдауының жемісі. Маған сенім артқан барша жанға алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс алдағы жарыстарда бұдан да биік нәтижелерге жетуге жігер береді», деді Мәди Жеткерген.
Ашық Азия кубогі әлемдік рейтингтік ұпайлар берілетін халықаралық турнирлердің бірі саналады. Мұндай жарыстар спортшылардың ірі додаларға дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Мазмұнға өту
