Шартарап

Ұлттық өнер – Сочи сахнасында: «Астана Опера» гастролі аяқталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Астана Опера» театры Сочиде өткен «Сириус – Роза Хутор» халықаралық өнер фестиваліндегі гастролін аяқтады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қорытынды кеште ұжым Nomad Ballet бағдарламасын ұсынды. Ол Ұлы дала тарихы мен мәдениетін заманауи хореографиямен үйлестіріп, ұлттық өнердің жаңа қырын көрсетті.

«Роза Холл» концерт залында театрдың балет әртістері мен HasSak этно-фольклорлық тобы өнер көрсетті. Би, дәстүрлі музыкалық аспаптар мен сахна безендіруі біртұтас көркем кеңістік құрып, ұлттық болмыс, ел тарихы және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын ашты.

Бағдарламаға «Той бастар», «Аралым», «Қилы заман», «Мәңгүрт» және басқа қойылымдар енді. Сондай-ақ «Мәңгіліктің төрт сыры» жаңа балетінен дуэт орындалды. Кеш «RUH» қойылымымен аяқталып, балет әртістері мен HasSak тобы бір сахнада өнер көрсетті.

Хореограф Сұлтанбек Ғұмардың қойылымдары ұлттық болмысты классикалық және заманауи бидің үйлесімі арқылы әсерлі жеткізді. Қойылымдарда хореографияның ұлттық саз аспаптарының үнімен ұштасуына ерекше мән берілді.

«Астана Операның» гастролі 11–16 шілде аралығында өтті. Осы күндері театр Лео Делибтің «Коппелия» балетін Ролан Петидің хореографиясымен және әлемдік классика мен заманауи хореография туындыларынан құралған гала-концертті де ұйымдастырды.

Көп оқылғандар