Сурет: Әділет Беремқұлов / Kazinform
Бүгін Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі талқыланады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Отырыстан кейін баспасөз мәслихаты өтеді. Онда Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов және «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов журналистердің сұрақтарына жауап береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде 20,5 млн адамның 13,1 миллионы табиғи газбен қамтылған. Газдандыру деңгейі батыс облыстарда, Жамбыл облысында, Алматы және Шымкент қалаларында 90 пайыздан асады. Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында бұл көрсеткіш 60-тан 90 пайызға дейін. Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында 60 пайыздан төмен.
Өткен жылы газ саласында 84 жоба іске асырылып, 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғыны газға қол жеткізді. 2 мың шақырым газ тарату желісі салынды. Биыл республикалық бюджеттен 27,3 млрд теңге бөлініп, газдандыру деңгейін 64,3 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы арқылы 32 мыңға жуық адам газбен қамтылады.
Энергетика министрлігі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу үшін Жол картасын әзірлеуге кіріскен. Бұл құжат газдандыруды жеделдетуге, халықтың газбен қамтылу үлесін арттыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.

