Сурет: Үкімет
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов министрліктер мен ведомстволарға бюджет қаражатын тиімді пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол бюджет қаражатын тиімді жұмсау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында екенін атап өтті.
«Биылғы 7 айда экономиканың өсуі 4,1% болды. Жыл қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің кемінде 5% өсімін қамтамасыз етуіміз қажет. Болжамда экономикадағы қазіргі жағдай, дамудың сыртқы факторлары және халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен сыртқы нарықтардағы ахуалға қатысты бағалаулары ескерілген. Республикалық бюджет туралы заң жобасы халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикалық өсімді ынталандыру міндеттерін шешу кезінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау қажеттілігін есепке ала отырып әзірленді», деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол 2027–2029 жылдарға арналған бюджеттің басты басымдықтарының бірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысы болатынын, мемлекеттік ресурстар халық алдындағы міндеттемелерді орындауға және өңірлерді дамытуға жұмсалуы тиіс екенін айтты. Осы орайда Үкімет басшысы мемлекеттік құрылымдарға әрбір теңгеден түсетін табысты арттыруды және қаражатты тек тиісті жерлерге жұмсауды тапсырды.
Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2029 жылы бюджет тапшылығы 0,4%-ға дейін қысқаратынын мәлімдеді. Ал 2027 жылы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге көлемінде жоспарланғанын Қаржы министрі Мәди Такиев айтты.
