Сурет: ашық дереккөз
Астана қаласының прокуратурасы жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатаң шара қолдануда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мониторинг барысында «Hyundai Palisade» көлігінің жүргізушісі анықталды. Ол биылғы жылы жол ережесін 306 рет бұзған. Оның 169 жағдайы жылдамдықты асырумен байланысты болса, 134 рет автобус жолағымен жүрген.
3 мамырда бейнекамералар оның «Ұлы Дала» даңғылымен сағатына 137 шақырым жылдамдықпен келе жатқанын тіркеді.
Құқықбұзушылықтың қоғамға қауіптілігі мен жүйелілігін ескерген сот оны ұсақ бұзақылық деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алды.
Бұл тәжірибе прокуратура мен полицияның бірлескен жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Ол жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етіп, жолдағы қауіпті әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
«Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және жолдағы қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін есте ұстауға шақырады», делінген ақпаратта.
