Қаржы

Үкімет азық-түлік инфляциясын төмендету шараларын күшейтеді

Сурет: Ұлттық статистика бюросы

Үкімет азық-түлік инфляциясын одан әрі төмендету үшін шараларды күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың төрағалығымен өткен кеңесте 2026 жылғы маусымдағы инфляция қорытындылары, азық-түлік бағасының өзгерісі және бағаны тұрақтандыру шаралары қаралды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, маусымда жылдық инфляция 10,3%-ды құрап, мамырдағы 10,4%-дан төмендеді. Азық-түлік инфляциясы да баяулап, жылдық көрсеткіш 10,7%-дан 10,4%-ға дейін төмендеді. Азық-түлік бағасының айлық өсімі 0,6%-ды құрап, өткен жылдың маусымындағы 0,9%-дан едәуір төмен болды.

Кеңесте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасына ерекше назар аударылды. Маусымда ӘМАТ бағасының индексі 0,4%-ды құрады, оған негізінен жеміс-көкөніс өнімдері әсер етті. Бағаның өсуі маусымдық сипатқа ие және жаңа өнімнің ерте пісетін жеміс-көкөністерінің нарыққа шығуымен, сондай-ақ маусымаралық кезеңде импортқа тәуелділікпен байланысты.

Отандық өнім көлемінің артуына байланысты ішкі нарық жаңа көкөністер мен жемістермен қарқынды толықтырылуда. Бұл бағаның тұрақтануына ықпал етіп, алдағы кезеңде олардың одан әрі төмендеуіне алғышарт жасап отыр.

Шілде айының басынан бастап жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы тұрақтана бастады. Шілде айының басынан бері ӘМАТ бағасының индексі 0,1%-ға төмендеді. Алғашқы екі аптада қияр бағасы 14,5%-ға, қызанақ 12,3%-ға, сәбіз 2,0%-ға, алма 0,2%-ға арзандады.

Маусым айында қой еті бағасының өсуі тек Жетісу, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында тіркелді. Бұған сыртқы сұраныстың жоғары болуы әсер етуде. Биылғы жылдың алғашқы бес айында қой еті экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артып, 10,6 мың тонна болды.

Жылқы еті бойынша экспорттық әлеует те жоғары деңгейде сақталуда. Қаңтар–мамыр айларында 113 тонна жылқы еті экспортталды, бұл 2025 жылғы жалпы экспорт көлемімен шамалас.

Экспорт саясаты ішкі нарықты қамтамасыз етуге кері әсерін тигізбейді. Үкімет қарастырып отырған импорттық ет өнімдерін тарту шаралары тек қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторының қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Бұл ішкі тұтыну үшін отандық өнімнің қосымша көлемін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

8 шілдедегі жағдай бойынша ӘМАТ бағасының жыл басынан бергі өсімі 1,9%-ды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда баға өсімінің қарқыны төрт еседен астам баяулап, 7,6%-дан 1,9%-ға дейін төмендеді.

Қол жеткізілген оң үрдісті сақтау мақсатында Үкімет ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда. Атап айтқанда, ӘМАТ тізбесіне кірмейтін көкөністер мен жемістерді импорттау үшін «жасыл дәліз» тетігін кеңейту мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Жаз мезгілі — отандық жеміс-көкөніс өнімдерін өткізудің ең белсенді кезеңі болғандықтан, өңірлерге осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету тапсырылды.

— Қазір маусымдық мүмкіндікті тиімді пайдалану аса маңызды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтіп, халықтың отандық өндірушілер өнімдеріне тікелей қол жеткізуіне жағдай жасау қажет. Жыл басынан бері 4 149 жәрмеңке өткізілді. Енді жаз маусымы аяқталғанға дейін кемінде тағы 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастыру қажет, — деді Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Қайта өңдеу кәсіпорындары мен HoReCa секторының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін импорттық ет өнімдерін тарту мүмкіндігі де қарастырылуда.

— Маусым айының қорытындысы азық-түлік инфляциясының тұрақты түрде баяулап келе жатқанын көрсетті. Ендігі міндет — отандық өнімнің маусымдық мол түсу кезеңін тиімді пайдаланып, бағаның одан әрі төмендеуіне және қалыптасқан оң үрдістің сақталуына жағдай жасау. Сонымен қатар жекелеген тауарлар бойынша туындауы мүмкін тәуекелдерге дер кезінде ден қойып, ішкі нарықтағы өнім көлемінің жеткілікті болуын қамтамасыз ету қажет, — деп атап өтті Айжан Бижанова.

Кеңес қорытындысы бойынша әкімдіктерге ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту, баға белгілеу саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын арттыру және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Бағаны тұрақтандырудың маңызды тетіктерінің бірі — әлеуметтік нан өндіруге арналған арзандатылған астықпен өңірлерді қамтамасыз ету.

Көп оқылғандар