Сурет: Egemen Qazaqstan
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жоспарланған ауқымды әскери соққыны бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігі үшін тоқтатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім Тегеран мен Таяу Шығыс елдерінің өтінішінен кейін қабылданған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы бұрын жоспарланған ауқымды әскери операцияны уақытша тоқтатқанын хабарлады. Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында АҚШ Иранға Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған әскери қуатпен соққы жасауға дайын болғанын айтты.
Трамптың сөзінше, Иран мен Таяу Шығыстағы басқа елдер әскери әрекеттерді уақытша тоқтатып, келісім шарттарын талқылауға мүмкіндік беруді сұраған. Бұл шарттарға Ормуз бұғазын толық әрі сөзсіз ашу және Иранның ядролық бағдарламасына байланысты қауіп-қатерді тоқтату кіреді.
Осыған байланысты АҚШ президенті ықтимал әскери шабуылды тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер тараптар жақын арада келісімге келсе, шабуыл жасалмайды. Сондай-ақ Трамп бұл ұстанымды Израиль де қолдайтынын жеткізді.
Еске салайық, АҚШ-тың Иран аумағындағы нысандарға соңғы әуе соққылары 28 шілдеде жасалған болатын. Одан кейін америкалық бұқаралық ақпарат құралдары АҚШ пен Израиль Ирандағы мұнай өңдеу зауыттары мен электр стансаларына бағытталған жаңа шабуылдар әзірлеп жатқаны туралы хабарлаған еді.
Мазмұнға өту
