Сурет: ашық дереккөзден
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай үндеу жасап, Қазақстанның ядролық қаруға қатысты ұстанымы өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтуде.
Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтардың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халыққа орны толмас қасірет әкелді. Бұл күн ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат үшін ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.
Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халықтың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекеттің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш етті.
Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясаттың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.
Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халық жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.
Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекеттің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.
Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.
