Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты дамытуға арналған заманауи цифрлық платформа 9Qum іске қосылды. Оны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Есеншораева Әдемі бірлесіп әзірледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Платформада пайдаланушылар жасанды интеллектпен әртүрлі деңгейде ойнап, шеберліктерін шыңдай алады. Әр партиядан кейін ЖИ ойынға толық талдау жасап, қателер мен тиімді жүрістерді көрсетеді. Сондай-ақ кез келген дебюттік немесе тактикалық позицияны талдап, ұсыныстар береді.
Жеке кабинет арқылы жаттықтырушымен бірлесіп жұмыс істеуге, тапсырмаларды орындауға және партияларды талдауға болады. Әлемнің кез келген нүктесіндегі қарсыласпен онлайн ойнап, бейнебайланыс арқылы партия өткізуге мүмкіндік бар. Платформа онлайн турнирлерді ұйымдастырудың толық жүйесімен жабдықталған. Ұйымдастырушылар қатысушылардың тіркелуін, ойындардың өту барысын және нәтижелерді нақты уақыт режимінде бақылай алады.
Жанкүйерлер үздік ойыншылардың партиялары мен батлдарын тікелей эфирде немесе жазба арқылы тамашалап, олардың ойын мәнерін зерделей алады. Платформадағы онлайн кітап дүкенінен тоғызқұмалаққа арналған оқулықтарды, әдістемелік құралдар мен ғылыми еңбектерді сатып алуға болады.
Бүгінде тоғызқұмалақ әлемнің 60-қа жуық елінде ойналады. 9Qum платформасы халықаралық тоғызқұмалақ қауымдастығын ортақ цифрлық кеңістікке біріктіріп, ұлттық зияткерлік ойынның әлемдік деңгейде таралуына серпін береді.
Платформа іске қосылған алғашқы үш күнде 1400-ге жуық спортшы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналды. Осы уақыт ішінде екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта республикалық және халықаралық деңгейдегі тұрақты турнирлер өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту және жасанды интеллектінің талдау сапасын арттыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тоғызқұмалақты әлемде кеңінен насихаттауға басымдық беріледі.
Дүниежүзілік тоғызқұмалақ қауымдастығы жанкүйерлерді, спортшыларды, жаттықтырушыларды https://9qum.com платформасына тіркеліп, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады.
Мазмұнға өту
