Спорт

«Тобыл» мен «Қайсар» матчының ауыстырылуы: ҚФФ ресми түсініктеме берді

Сурет: ҚФФ

«Тобыл» мен «Қайсар» арасындағы Премьер-лиганың 21-туры ойынының заңсыз ауыстырылғаны туралы ақпарат тараған соң, Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ҚФФ баспасөз қызметінің мәліметінше, матчты 9 тамыздан 25 тамызға ауыстыру шешімі «Тобыл» клубының УЕФА Конференциялар лигасының іріктеуіне қатысуына байланысты қабылданған. Бұл жағдай жарыс регламентінде қарастырылған және қазақстандық клубтар халықаралық турнирлерде ойнағанда қолданылады.

Сондай-ақ, матчтың «Қайсармен» келісілмей, біржақты ауыстырылғаны туралы мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Бұл ресми хаттармен расталады: 4 тамызда «Тобыл» дирекцияға өтініш жіберіп, «Қайсардың» қарсылығы жоқ екенін білдіретін хатты қосқан. 5 тамызда «Қайсар» келісімін растап, 24 немесе 25 тамызды ұсынған. 7 тамызда ҚФФ екі клубқа да матчтың 25 тамызға ауысқанын хабарлаған.

Осылайша, белгіленген күн «Қайсарға» таңылған жоқ, керісінше, клубтың өзі ұсынған күндердің бірі таңдалды. Матчты өткізуге қатысты барлық ұйымдастырушылық мәселелер тиісті мемлекеттік органдармен келісілді. «Қайсардың» қосымша шығындарын «Тобыл» толық өтейді, сондықтан клубқа қаржылық жүктеме түспеген.

ҚФФ ресми құжаттарға қайшы келетін және жанкүйерлер арасында жалған түсінік қалыптастыратын ақпараттың таралуын жол берілмейтін жағдай деп санайды. Федерация төрешілік сапасына қатысты мәселелерге де мұқият қарайды. Төрешілік, қадағалау және VAR дамыту департаменті «Тобыл» – «Қайсар» кездесуіндегі негізгі эпизодтарға талдау жасап, нәтижелерін KFF_TV арнасында қазақ және орыс тілдерінде жариялады.

ҚФФ маусым басынан бері Премьер-лига матчтарындағы негізгі төрешілік шешімдерге жария талдау жүргізіп келеді. Федерация күнтізбені келісу рәсімдерін жетілдіруді, төрешілер жұмысының ашықтығын арттыруды және барлық клубтар үшін бірыңғай қағидалардың сақталуын қамтамасыз етуді жалғастырады.

Көп оқылғандар