Сурет: ашық дереккөзден
Tesla компаниясы Cybertruck электр пикапына алдын ала тапсырыс берген клиенттердің төлемін қайтаруға мәжбүр болды. Себебі өндіріс желісі тоқтатылғанға дейін барлық тапсырысты орындап үлгермейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Тапсырыс саны өндірістік мүмкіндіктерден әлдеқайда көп. Бұл туралы Tesla басшысы Илон Маск X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
«Біз өндіріс желісін шамамен сегіз айдан кейін жапқанға дейін мүмкіндігінше көп көлік шығаруға тырысамыз. Алайда көптеген клиентке алдын ала төленген қаражатты қайтаруға тура келеді», деп жазды Илон Маск.
Өткен аптада компания Техастағы зауытында пикап өндірісін тоқтататынын хабарлаған болатын. Маск бұған дейін келесі жылы Cybertruck өндірісіне арналған желінің орнына басқа жобаны іске қосу үшін қосымша жұмыс ауысымын енгізетінін айтқан.
Tesla басшысы өндірісті тоқтату туралы 6 қарашада хабарлады. Компания Cybertruck шығаруды 2027 жылдың ортасына қарай толық тоқтатуды жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін пикап өндірісіне пайдаланылған зауыт қуаты Cybercab роботаксиін шығаруға бағытталады.
Tesla Cybertruck көліктерін тұтынушыларға 2023 жылдың соңында жеткізе бастады. Алайда пикапқа деген сұраныс Илон Маск күткендей жоғары болмады. Kelley Blue Book автокөлік нарығын зерттеу орталығының мәліметінше, өткен жылы АҚШ-та Cybertruck сатылымы 48 пайызға төмендеп, 20 237 көлікке дейін азайған. Ал бұған дейін Маск бұл модельдің жылдық сатылымы 250 мың данаға жетеді деп болжаған еді.
Tesla компаниясы Техастағы Giga Texas зауытында Cybercab роботаксиін сериялық өндіруді сәуір айында бастады. Бұл руль мен педальдары жоқ, екі жолаушыға арналған толық автономды такси. Илон Маск көліктің алғашқы үлгісін 2024 жылдың күзінде таныстырған болатын. Сол кезде ол Cybercab 2027 жылы сатылымға шығып, бағасы 30 мың доллардан төмен болады деп мәлімдеген.
Айта кетейік, әйгілі миллиардер Шығыс Қазақстан облысының таулы аймағында көлігі бұзылып, қар құрсауында қалған бес адам Starlink спутниктік интернеттің көмегімен құтқарушылармен байланысқа шыққандығына назар аударып, әлеуметтік желіде пікір білдірген болатын.
Мазмұнға өту
