Қаржы

Тамызда жылдық инфляция 9,8 пайызға дейін төмендеді

Сурет: forbes.kz

Тамыз айында айлық инфляция шілдедегідей 0,6 пайызды құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өткен айда жеміс-көкөніс бағасы төмендеген. Атап айтқанда, картоп 12,3 пайызға, тәтті бұрыш 11,9 пайызға, қырыққабат 9,7 пайызға, жүзім 8,0 пайызға, пияз 7,7 пайызға, алма 5,1 пайызға, сәбіз 5,0 пайызға, лимон 4,7 пайызға, қызылша 3,6 пайызға арзандаған. Алмұрт бағасы 1,8 пайызға, қияр 1,5 пайызға түскен.

Жеңіл автомобильдер 5,3 пайызға, планшеттер 5,0 пайызға, медициналық маскалар 2,9 пайызға, медициналық термометр 1,9 пайызға, электр еттартқыштар мен балалар жөргектері 0,8 пайызға арзандады.

Жылдық көрсеткіште 2026 жылғы тамызда инфляция 9,8 пайызды құрады (биылғы шілдеде 10,2 пайыз еді). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4 пайызға, азық-түлік тауарлары 9,5 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға қымбаттаған.

Өткен жылғы тамызбен салыстырғанда жеміс-көкөніс бағасы айтарлықтай төмендеген. Мысалы, баялды 46,8 пайызға, қияр 39,9 пайызға, қызанақ 13,6 пайызға, алма 10,6 пайызға, сарымсақ 7,2 пайызға, мандарин 5,9 пайызға, қырыққабат 5,2 пайызға, банан 4,2 пайызға, апельсин 2,6 пайызға арзандаған.

2025 жылғы тамызбен салыстырғанда отандық құрастырылған жаңа автомобильдер 16,9 пайызға, электр бұрғылар мен бұрауыштар 8,0 пайызға, кондиционерлер 7,6 пайызға, медициналық бинттер 3,1 пайызға түскен.

Тұтыну бағалары индексі ай сайын есептеледі. 537 позиция бойынша тауарлар мен қызметтердің бағасына мониторинг жүргізіледі.

Биылғы қаңтардан бастап тұтыну бағалары индексін есептеуде азық-түлік тауарларының үлесі 41,1 пайызды, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 28,4 пайызды, ақылы қызметтер 30,5 пайызды құрады.

Көп оқылғандар