Сурет: Egemen Qazaqstan
Кембридж университетінің Макдональд археологиялық зерттеулер институтында Еуразияның ежелгі мәдени байланыстарына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиын барысында «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» көрмесі ашылып, отандық археологиялық мұра халықаралық ғылыми қауымға паш етілді.
Үш күнге созылған ғылыми отырыстың қорытындысында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Әсемгүл Қасенова еліміздің тас мүсіндері туралы дәріс оқыды.
Ұлы дала өңіріндегі мыңға жуық тас мүсіннің дерекқорын жүйелеген ғалым тас қашау мәдениетінің қалыптасуы мен дамуын, мүсін жасау технологиясын және аймақтық дәстүрлерді зерттеп жүр. Дәрісте тас мүсіндердің шығу тегінің тарихи сабақтастығына қатысты жаңа ғылыми нәтиже ұсынылды. Зерттеуші еліміздегі тас мүсін жасау дәстүрін тек түркі кезеңімен шектеуге болмайтынын атап өтті. Кешенді зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, ол бұл дәстүрдің бастауын қола дәуірінен іздеп, қыпшақ кезеңіне дейінгі дамуын өзара сабақтас мәдени үдеріс ретінде қарастырды. Бұл тұжырым Ұлы даладағы тас қашау өнерінің тарихын кең хронологиялық ауқымда зерделеуге мүмкіндік береді.
Мүсіндердің бет-бейнесі, қолындағы ыдысы, қаруы мен әшекейлері – ежелгі қоғамдардың дүниетанымы, әлеуметтік мәртебесі, тарихи жады туралы құнды деректер. Кембридждегі дәріс тыңдаушылардың назарына ілігіп, осы ғылыми мұраның маңызын ашып, ел аумағындағы тас мүсіндерді халықаралық зерттеулер аясында талқылауға жол ашты.
«Мен үшін тас мүсін – белгілі бір адамның бейнесін ғана емес, тұтас бір дәуірдің дүниетанымын, тұрмысын, қоғамдық қатынастарын бойына жинақтаған тарихи дерек. Бір тас мүсінді кешенді зерттеу арқылы адам бейнесінен бастап, сол тұстағы қоғамның рухани құндылықтары, әлеуметтік жіктелуі, қолөнері және мәдени байланысы туралы мол ақпарат алуға болады. Сондықтан оның бет-бейнесін, қолындағы ыдысын, қаруын, киімін, әшекейлерін өзара байланысты қарастырамыз», дейді ғалым.
