Сурет: ашық дереккөзден
Қызылордалық «Қайсар» клубының бас бапкері Талғат Байсуфинов «Бернли» шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың ойынына баға берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұрынғы ұлттық құрама бапкері Дастанның өз деңгейін әлдеқашан дәлелдегенін атап өтті.
«Жас болғанына қарамастан, Дастан Сәтпаев өте жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Еуропалық мамандар оның әлеуетінің зор екенін байқап отыр. Бұл үлкен артықшылық. Егер Дастанның арқасында басқа да футболшыларымыз еуропалық скауттардың назарына ілігіп, Еуропа клубтарынан шақырту ала бастаса, бұл еліміздегі футболдың дамуына үлкен серпін береді. Дастанға сәттілік пен толағай табыс тілеймін», деді маман.
Еске салайық, «Бернли» басшылығы «Линкольн Ситиден» 1:4 есебімен ірі жеңіліске ұшырағаннан кейін бельгиялық маман Ники Хайенді қызметінен босатты. Оның жетекшілігімен команда 12 матчта небәрі бір рет жеңіске жетіп, Чемпионшип турнирлік кестесінде 22-орынға түсіп қалды.
Бейресми ақпараттарға сәйкес, қазақстандық шабуылшы өнер көрсететін команданың жаңа бас бапкері «Ливерпульдің» бұрынғы капитаны Стивен Джеррард болуы мүмкін. Ағылшын маманы өткен маусымда да команданы жаттықтыруы ықтимал еді, алайда тағайындау жүзеге аспады. Стивен Джеррард 2025 жылдан бері жұмыссыз жүр.
Мазмұнға өту
