Сурет: MINENERGY.UZ
19 қарашада Тәжікстан аумағында жоғары кернеулі электр беру желісінің тірегі құлап, салдарынан Өзбекстанның бірқатар ауданында электр қуатын беру уақытша үзілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өзбекстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, апат Тәжікстан аумағындағы кернеуі 500 кВ L-503 желісінде сағат 06:19-да тіркелген. Ведомствоның алдын ала дерегі бойынша, күрделі таулы жер бедері мен қолайсыз ауа райынан желінің бір тірегі опырылған. Қорғаныс жүйесі автоматты түрде іске қосылып, электр энергиясын жеткізу уақытша тоқтаған.
Қазіргі уақытта «Өзбекстанның ұлттық электр желілері» компаниясының мамандары Тәжікстандық энергетиктермен бірлесіп, зақымданған учаскені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жөндеу аяқталғанша Ферғана, Әндіжан және Наманган облыстарының жекелеген аудандарында электр энергиясын беруге уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Өңірге электр қуаты басқа желілер арқылы, атап айтқанда Ташкент облысындағы Янги-Ангрен жылу электр стансасынан тартылған кернеуі 500 кВ L-524 желісі арқылы жеткізіліп жатыр.
Өзбекстан Энергетика министрлігі зақымданған желінің жұмысы қашан толық қалпына келтірілетінін әзірге хабарлаған жоқ.
Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелері тарихи тұрғыдан тығыз байланысты. Өңірдің біртұтас энергетикалық жүйесі 1960 жылдардан бастап қалыптаса бастаған. 1970 жылдары кернеуі 500 кВ электр желілері арқылы елдердің энергожүйелері біріктіріліп, «энергетикалық сақина» деп аталатын ортақ жүйе құрылған.
2009 жылы Тәжікстан Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінен ажыратылды. Кейін ел өңірлік желімен қатарлас жұмыс істеу байланысын қалпына келтіруге кірісті. Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан қайта қосылу жобасы Тәжікстанның Өзбекстанның энергетикалық жүйесімен байланысын қалпына келтіруді көздейді.
Естеріңізге сала кетейік, 14 тамызда Қырғызстандағы Токтогул ГЭС-інде екі гидрогенератордың ажыратылуы салдарынан Қазақстанның сегіз облысында электр жарығы өшкен болатын. Атап айтқанда, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарындағы тұтынушылардың электрмен қамтылуы үзіліп, Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарында да жарық өшкен еді.
Мазмұнға өту
