Жайық news

Сырым ауданының Қосарал ауылында бөгет салынып жатыр

Сурет: Жайық Пресс

Жаз мезгілінде ауылда жұмыс барлығына жетеді. Бірі егістік пен жайылымда жүрсе, енді бірі құрылыс, коммуникация жүргізу және елді мекенді абаттандырумен айналысады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округіне қарасты Қосарал ауылында бір мезгілде бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Олар ауыл тұрғындарының өмірін жайлы етіп, шаруашылықты дамытуға жағдай жасауы тиіс.

Ең ірі нысандардың бірі – бөгет. Оның құрылысына 212 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар Кенащы – Сарыой – Қосарал бағытында ұзындығы 26 шақырым су құбыры тартылуда.

Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысатын ауыл үшін жаңа ветеринарлық пункт ерекше маңызды. Оның құрылысы қазір жалғасуда. Тағы бір нысан – төрт пәтерлі тұрғын үй. Жаңа баспана ауылға қажетті мамандарды тарту және бекіту үшін пайдаланылмақ.

– Қосарал ауылында маңызды нысандардың құрылысы жалғасуда. Мал шаруашылығы белсенді дамып жатқан ауылымыз үшін ветеринарлық пункт өте қажет. Төрт пәтерлі үй мамандарды баспанамен қамтамасыз етуге көмектеседі. Сонымен қатар біздің округ ауданда тұңғыш рет өрт сөндіру бекетін салды. Барлық жоба адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және ауылды дамытуға қосымша мүмкіндіктер жасауға бағытталған, – деді Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айдархан Рамазанов.

Инфрақұрылымдық жобалармен қатар жергілікті ауыл шаруашылығы да дамуда. Мәселен, «Қарақұдық» шаруа қожалығы биыл бақша дақылдарының алаңын төрт гектардан 10 гектарға дейін ұлғайтты. Мұнда қарбыз, қауын және асқабақ өсіріледі. Биылғы маусымда бақша шаруашылығына «Жасұлан» және «Бейбарыс» қожалықтары да қосылды. Округте судан шөбі де егілген. Ол шамамен 100 гектар жерді алып жатыр. Алғашқы орымнан 600 түйір шөп дайындалды.

Көп оқылғандар