Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Бөкей ордасы ауданындағы балалардың жазғы сауықтыру лагерінде «Сыбайлас дерті — балалардың көзімен» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты өскелең ұрпақтың бойында адалдық, әділдік, заңға құрмет құндылықтарын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және балалардың шығармашылық қабілеттерін қолдау.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы М.Байсалов және Бөкей ордасы ауданының әкімі Н.Даумов қатысты.
Байқау барысында балалар өз шығармалары арқылы адалдық, әділдік, сенім, жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын бейнелеп, қоғамдағы оң құндылықтарға деген көзқарастарын шығармашылық тұрғыда жеткізді.
Қатысушылармен кездесу барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, адалдық қағидаттарын дәріптеудің және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, балалармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, олардың ой-пікірлері мен бастамаларына қолдау білдірілді.
Іс-шара қорытындысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы М.Байсалов байқау жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларын дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.


Мазмұнға өту
