Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, энергетикалық және аграрлық жобалардың барысын көрді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Петропавлда Нәлібаев «Петропавл электротехникалық зауытына» барды. Кәсіпорын трансформаторлар мен электротехникалық жабдықтардың құрамдас бөліктерін шығарады. Жоба құны 10 млрд теңге, 200 жаңа жұмыс орны ашылған. Өндіріс қуаты жылына 13 мың дана өнім.
Сондай-ақ ол «ЗИКСТО» ЖШС-де болды. Былтыр мұнда 12 мың шаршы метрлік жаңа зауыт салынып, роботтандырылған желі іске қосылған. Жоба құны 25 млрд теңге, 300 жұмыс орны ашылды.
Нәлібаев CLAAS техникасын құрастыру зауыты, «Масло-Дел» ЖШС, «Зеленый Север» ЖШС жылыжай кешені және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-да болды. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Энергетикалық қауіпсіздік мәселелері де қаралды. Петропавл ЖЭО-2-де 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты. Бас директор Анатолий Казановскийдің айтуынша, 2022 жылы 103 технологиялық бұзушылық тіркелген. Жөндеу бағдарламалары нәтижесінде 2024–2025 жылдары көрсеткіш 55-ке, өткен маусымда 23-ке төмендеді. Былтыр инвестициялық бағдарлама көлемі 15 млрд теңге болса, биыл 16,2 млрд теңге қарастырылған.
Нұрлыбек Нәлібаев Петропавлдағы Универсальная көшесіндегі жол өткелінің құрылысымен танысты. Нысан 90%-ға дайын. Сондай-ақ Пестрое көлі жағалауындағы эко-паркке барды. Жоба рекреациялық инфрақұрылымды дамытуға, ішкі туризмді қолдауға бағытталған.
«Эко-парк – тұрғындар мен балалы отбасылар үшін қолайлы демалыс орны. Мұнда веложолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтары қарастырылып, халықтың жайлы демалуына барлық жағдай жасалған. Мемлекет басшысы атап өткендей, қалалар таза әрі өмір сүруге қолайлы болуға тиіс. Петропавлда халық игілігі үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ендігі міндет – жобаны сапалы аяқтап, осындай бастамаларды жүйелі түрде жалғастыру», деді Н.Нәлібаев.
Нәлібаев Новоникольское ауылындағы «Зенченко и К» КС-нің тауарлы сүт фермасына барды. Нысан 8 мың басқа арналған «Карусель» қондырғысымен жабдықталған. Жоба құны 9 млрд теңге. Өндіріс орны биыл тамызда іске қосылады деп жоспарланған. Кәсіпорын қаражаты есебінен ауылда тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Соңғы бес жылда 3,2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

