Саясат

ШЫҰ үйлестірушілері Душанбеде 2026-2027 жылдар жоспарын талқылады

Сурет: gov.kz

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев 15-18 қазанда Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиында ШЫҰ аясындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты өрістетуге қатысты кең ауқымды мәселелер қаралды. Сондай-ақ 2026-2027 жылдары Ұйым шеңберінде аса жоғары және жоғары деңгейлерде ұйымдастырылатын іс-шаралар кестесі жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.

Бұдан бөлек, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары (премьер-министрлері) кеңесінің (ҮБК) 19-20 қазанда Душанбеде өтетін алдағы отырысына дайындық мәселелері талқыланды. Көлік-транзиттік өзара іс-қимыл, қаржылық ынтымақтастықты нығайту және Ұйым қызметін жетілдіру бағыттары бойынша қорытынды құжаттардың жобаларына айрықша көңіл бөлінді.

Отырыс қорытындысы бойынша ұлттық үйлестірушілер ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы көпсалалы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған тетіктердің тиімділігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды жалғастыруға келісті.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Көп оқылғандар