Сурет: Egemen Qazaqstan
Швейцария құрамасы Босния және Герцеговинаны 4:1 есебімен жеңді. АҚШ-тың Инглвуд қаласындағы SoFi стадионында өткен ойында швейцариялықтар айқын басымдық танытты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Есепті 74-минутта шабуылшы Йохан Манзамби ашты. 80-минутта Босния және Герцеговина құрамасының қорғаушысы Тарик Мухаремович қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
84-минутта Рубен Варгас швейцариялықтардың екінші голын соқты. Ал 90-минутта Манзамби дубль авторы атанып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Қосымша уақыттың үшінші минутында босниялық жартылай қорғаушы Эрмин Махмич бір голмен жауап қайтарды. Төреші қосқан қосымша минутта Гранит Джака пенальтиден мүлт кетпей, матчтың қорытынды есебін белгіледі.
Осы жеңістен кейін Швейцария құрамасы 4 ұпай жинап, В тобында бірінші орынға көтерілді. Ал Босния және Герцеговина 1 ұпаймен үшінші сатыда тұр. Канада мен Катар құрамаларында да бір-бір ұпайдан бар, алайда олар екінші турдағы ойындарын әлі өткізген жоқ.
24 маусым күні Босния және Герцеговина үшінші турдағы кездесуін Катармен өткізеді. Сол күні Швейцария мен Канада құрамасы ойнайды.

