Сурет: Egemen Qazaqstan
Әлем чемпионатының В тобындағы үшінші тур матчында Швейцария құрамасы Канаданы 2:1 есебімен жеңді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші таймда есеп ашылмады. Үзілістен кейін швейцариялықтар алға шықты: 46-минутта Рубен Варгас гол соқты, ал 57-минутта Йохан Манзамби есепті еселеп, Канаданың жағдайын қиындатты.
Канада матч соңына қарай есеп айырмасын қысқартты. 76-минутта Промис Дэвид гол соққанымен, команда теңестіре алмады.
Жеңіліске қарамастан, Канада В тобында екінші орынды сақтап қалды. Команда төрт ұпай жинады. Бұл көрсеткіш Босния және Герцеговинамен бірдей, бірақ доп айырмасы бойынша канадалықтар жоғары.
Швейцария топтық кезеңді жеті ұпаймен бірінші орында аяқтады. Канада екінші, Босния және Герцеговина үшінші, ал Катар бір ұпаймен соңғы орында қалды.
Осылайша, Швейцария мен Канада плей-оффқа тікелей жолдама алды. Босния және Герцеговина үшінші орын иегері ретінде 1/16 финалға шығу мүмкіндігін анықтау үшін басқа топтардың нәтижелерін күтеді.

