Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада «Dara» Президенттік бастамалар қорының қолдауымен «Шоқан» деректі-көркем жобасының жаңа түсірілім кезеңі басталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жұмыс елорда мен оған іргелес аумақтардағы бірнеше локацияда жүріп жатыр. Шығармашылық топ көрнекті қазақ ғалымы, саяхатшы әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың өміріндегі маңызды кезеңдерді қайта жаңғыртуда.
Негізгі түсірілім алаңдарының бірі – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры. Мұнда XIX ғасырдағы ақсүйектер өмірінің сән-салтанатын бейнелейтін ауқымды бал сахналары түсіріліп, оған жүзге жуық адам қатысты. Кейін топ Тайтөбе шатқалдарында Шоқан Уәлихановтың Қашғар экспедициясына қатысты эпизодтарды таспалайды.
Тарихи реконструкция аясында керуен, жорық лагері және басқа да тарихи детальдар қайта жасалып, ғалымның ең маңызды сапарының атмосферасы дәл бейнеленді. Тарихи дәуір кейіпкерлерін танымал актерлер – Меруерт Өтекешева, Бақтияр Қожа, Төлепберген Байсақалов және Салтанат Бақаева сомдауда. Басты рөлді ашық онлайн-кастинг нәтижесінде таңдалған жас актер Ерлан Кұлмурзин ойнайды.
Алдағы уақытта түсірілім тобы Сырымбеттегі «Айғаным» музей-қонысында және «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жұмысын жалғастырмақ.
«Шоқан» жобасы көркем баяндауды, деректік нақтылықты және ауқымды тарихи реконструкцияны ұштастыра отырып, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасын таныстыруды мақсат етеді. Жобаның авторы – белгілі журналист, деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаева.
Мазмұнға өту
