Спорт

Шайдоров әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының (ISU) әлемдік рейтингінде екінші сатыға көтерілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ISU сайтында жарияланған тізімге сәйкес, оның қоржынында 4193 ұпай бар. Бұл — қазақстандық спортшының әлемдік рейтингтегі ең үздік нәтижесі. Бұған дейін ол үшінші орында тұрған еді.

Рейтингтің бірінші сатысында 4590 ұпаймен америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин тұр. Жапония өкілі Юма Кагияма үшінші орынға сырғыды, ол Шайдоровтан 70 ұпайға қалып келеді.

Тізімде одан кейін тағы бір жапон спортшысы Шун Сато 3949 ұпаймен төртінші орында тұр. Бесінші сатыға 3660 ұпай жинаған француз спортшысы Адам Сяо Хим Фа жайғасқан.

Бұған дейін Михаил Шайдоров Братиславада өткен ISU Challenger сериясындағы Memorial Ondrej Nepela халықаралық турнирінде қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының Италиядағы Олимпиададағы жеңісінен кейінгі алғашқы халықаралық жарысы болды.

Көп оқылғандар