Қаржы

Шай мен бауырсаққа 15 мың теңге: Шарын шатқалындағы баға дауы

Сурет: istockphoto.com

Шарын шатқалындағы дәмханалардың біріндегі баға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Алматы тұрғыны жариялаған видеода қарапайым тапсырыс үшін әдеттегі бағадан бірнеше есе көп шот төленгенін айтқан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, үш кесе шай мен екі порция бауырсақ үшін жалпы 15 350 теңге төлеген. Турист мұндай баға азаматтардың ел ішінде саяхаттауына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.

Кейде шетелге ұшып барып, таңғы ас берілетін қонақүйде демалу Қазақстандағы туристік орындарда бірнеше күн өткізгеннен арзанға шығады. Еліміздің табиғаты көркем, әлеуеті зор. Бірақ осындай баға саясаты отандық туризмге кері әсер етеді, деді ол.

Желі қолданушыларының басым бөлігі жарияланым авторын қолдап, туристік нысандардағы қызмет сапасы мен баға арасындағы сәйкессіздікке наразылық білдірді.

Туризм саласының мамандары да мәселенің өзекті екенін айтады. «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының төрағасы Инна Рейдің айтуынша, нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары баға белгілеу артық пайда табу үшін жасалады.

Егер тауар немесе қызмет нарықтағы қалыпты бағадан әлдеқайда қымбат сатылса, бұл экономикада артық пайда деп есептеледі. Ал артық пайдаға мүлде басқа деңгейдегі салық салынады, деді Инна Рей.

Көп оқылғандар