Спорт

Сатпаев 80 минут ойнады: «Бернли» өз алаңында тең түсті

Сурет: ашық дерекөзден

«Бернли» Англия чемпионатының төртінші турында өз алаңында «Мидлсбромен» тең ойнады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бернлидегі «Терф Мур» стадионында өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. 23-минутта Эйден Моррис «Мидлсброны» алға шығарса, 54-минутта Юго Рагубер алаң иелерінің таразы басын теңестірді.

«Бернлидегі» қазақ ойыншысы Дастан Сатпаев матчты негізгі құрамда бастап, 80-минутта алаңнан ауыстырылды.

Осылайша, «Бернли» төрт ойыннан кейін екі ұпай жинады. Ал «Мидлсброның» еншісінде жеті ұпай бар. Айта кетейік, Сатпаевтың командасы чемпионаттағы алғашқы жеңісіне әлі қол жеткізе алмай келеді. Клубтың қоржынында екі тең ойын және екі жеңіліс бар.

Ал Дастан Сатпаев осы маусымда «Бернли» сапында төрт матч өткізді. Оның үшеуі Чемпионшипте, біреуі Англия лигасы кубогінде өтті. Қазақстандық футболшы әзірге нәтижелі әрекетімен көзге түскен жоқ.

Flashscore.com сайты Англия чемпионатының төртінші турында «Мидлсбромен» 1:1 есебімен тең түскен «Бернли» құрамындағы қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың статистикасын жариялады.

Сатпаев «Бернлидің» негізгі құрамында алаңға шығып, 80-минутта ауыстырылды. Осы уақыт аралығында Дастан қарсылас қақпасына екі рет соққы жасаған. Екеуі де қақпаға дәл бағытталды.

Қазақстандық футболшының күтілетін гол көрсеткіші (xG) – 0,16, ал қақпаға дәл соққылар бойынша xG көрсеткіші – 0,68 болды.

Матч барысында Сатпаев қарсылас команда айып алаңында үш рет допқа тиген. Ол бір рет қарсыласын алдап өтуге тырысқанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Сонымен қатар Дастанға қарсы бір рет ереже бұзу болды.

Сатпаев бір нәтижелі пас беруге мүмкіндік жасайтын шешуші пас орындады. Күтілетін нәтижелі пас көрсеткіші (xA) – 0,04.

Қазақстандық шабуылшының дәл пас беру көрсеткіші де жоғары болды: 18 пастың 17-сі дәл орындалды (94%). Ал алаңның соңғы үштен бір бөлігіне бағытталған жеті пастың алтауы дәл болды (86%).

Қорғаныста да Сатпаев белсенділік танытты. Ол төрт жекпе-жектің үшеуінде жеңіске жетіп, бір рет допты сәтті тартып алды.

Айта кетейік, бұл Дастан Сатпаевтың «Бернли» сапындағы негізгі құрамдағы қатарынан үшінші матчы.

Көп оқылғандар