Сурет: ашық дереккөз
Америкалық бокс сарапшысы Патрик Стумберг қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) екінші орта салмақтағы WBC чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (64-3-2, 39 KO) ықтимал жекпе-жегіндегі мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Стумбергтің пікірінше, Әлімханұлының техникалық шеберлігі мен физикалық әлеуеті мексикалық қарсыласына қиындық туғызуға жеткілікті. Алайда сарапшы жекпе-жекте Канелоның басымдығына сенім білдірді.
«Әлімханұлының Канелоның әбден қалыптасқан жекпе-жек мәнеріндегі осал тұстарын табуға мүмкіндік беретін техникалық дайындығы бар. Сондай-ақ сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға қажетті физикалық деректері де жеткілікті. Соған қарамастан, мен Канелоны кез келген ықтимал қарсыласымен өтетін жекпе-жекте фаворит санар едім», деп жазды Стумберг Bad Left Hook басылымында.
1 қарашада Сауль Альварес франциялық Кристиан Мбиллиді (29-1-1, 24 KO) жеңіп, екінші орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағын иеленді.
Ал Жәнібек Әлімханұлы келесі жылдың қаңтар айында осы салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуі тиіс. Қазақстандық боксшының қарсыласы – жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Бэнк.
Бұған дейін «Канело» Альвареске Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізу ұсынылған болатын. Сондай-ақ Әлімханұлы екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Дэвид Бенавидестің Сауль «Канело» Альвареспен ықтимал жекпе-жегі туралы пікіріне жауап берген еді.
Мазмұнға өту
