Спорт

Шавкат Рахмонов октагонға наурыз-сәуірде оралуы мүмкін

Сурет: EXEED

DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Шавкат Рахмоновтың октагонға қашан оралатынын болжамдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бапкер бұл туралы Sports.kz басылымына берген сұхбатында айтты. Оның болжамынша, спортшы келесі жылдың наурыз-сәуір айларында жекпе-жекке шығуы мүмкін.

«Шавкаттың қашан оралатыны туралы ештеңе айта алмаймын. Көріп отырғандарыңыздай, қалпына келу процесі ұзаққа созылды. Менің болжамым бойынша ол келесі жылдың наурыз-сәуір айларында октагонға оралуы мүмкін», деді Эдуард Базров.

Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы желтоқсанда өткізген. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, жеңіліссіз рекордын сақтап қалды. Қазіргі таңда оның есебінде 19 жеңіс бар.

Алайда осы кездесуден кейін спортшы тізесінен жарақат алып, ұзақ уақыт бойы жарыстардан тыс қалды. 2026 жылдың басында октагонға оралады деп күтілгенімен, жарақаты қайта асқынып, қалпына келу мерзімі кейінге шегерілді.

Айта кетейік, жақында Шавкат Рахмоновтың Дохада өтетін UFC турниріне баратыны белгілі болды. Ол жарыста өнер көрсететін отандасы әрі DarTeam клубындағы командаласы Асу Алмабаевқа қолдау білдірмек.

Көп оқылғандар