Спорт

Самородов жарақатына байланысты Ұлттар лигасының матчтарын өткізіп алады

Сурет: Әлімжан Аманжол

«Ахмат» клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының вингері Максим Самородов УЕФА Ұлттар лигасы аясында Фарер аралдары құрамасына қарсы матчқа қатыспайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының бірі жарақатына байланысты кемінде екі матчқа қатыспайды.

«Қазақстан ұлттық футбол құрамасының ойыншысы Максим Самородов жарақатына байланысты сырт алаңда өтетін УЕФА Ұлттар лигасының Фарер аралдары мен Словакия құрамаларына қарсы матчтарына қатыспайды. Ұлттық құраманың өз алаңында Молдова мен Фарер аралдары құрамаларына қарсы өтетін матчтарына қатыса ма, әзірге белгісіз. Ол ұлттық құраманың медициналық штабының бақылауында болады», деп мәлімдеді ҚФФ.

Осылайша, Максим Самородов бұған дейін дәл осы себеппен құрамнан шығып қалған Ислам Чесноков, Әлібек Қасым және Дастан Сатпаевқа қосылды.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы жаңа маусымдағы Ұлттар лигасының алғашқы матчын 26 қыркүйекте өткізу үшін Фарер аралдарына аттанды. 29 қыркүйекте команда сырт алаңда Словакия құрамасымен ойнайды. Одан кейін Астанаға оралып, Молдова мен Фарер аралдарының құрамаларына қарсы өз алаңындағы матчтарын өткізеді.

Самородов — Қазақстан құрамасының ең қымбат ойыншысы. Бірнеше күн бұрын беделді Transfermarkt порталы Максим Самородовтың жаңа трансферлік құнын жариялады. Порталдың бағалауынша, ол Қазақстан құрамасының ең қымбат ойыншысы атанып, Дастан Сатпаев, Ислам Чесноков, Бахтиёр Зайнутдинов және команданың басқа да көшбасшыларынан озып шықты. Вингердің трансферлік құны 4 миллион еуроға бағаланып отыр.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанның 21 жасқа дейінгі ұлттық құрамасы футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Англия құрамасына қарсы матч өткізеді.

Көп оқылғандар