Шартарап

Сахи Романовтың 100 жылдығына арналған «Дала симфониясы» көрмесі ашылды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романовтың туғанына 100 жыл толуына орай «Дала симфониясы» атты көрме өз есігін ашты. Шара барысында қылқалам шеберінің шығармашылығына арналған дөңгелек үстел де ұйымдастырылды.

Сахи Романовтың туындылары мазмұн тереңдігімен және айқын ұлттық сипатымен ерекшеленеді. Суреткердің еңбектеріне бейнелі ойдың эпикалық кең тынысы, жоғары кескіндемелік шеберлік пен адам болмысын терең танып-білуге негізделген айрықша тереңдік тән.

Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрменің ашылуына байланысты құттықтау хатын жолдады. Онда Сахи Романовтың қазақ бейнелеу өнерінің, ұлттық кескіндеме мен графиканың дамуына сүбелі үлес қосқаны атап өтілген.

«Сахи Романов – қазақ бейнелеу өнерінің көркемдік өрісін кеңейтіп, ұлттық кескіндеме мен графикада айрықша қолтаңба қалдырған дара суреткер. «Дала симфониясы» – суретшінің бай мұрасын жаңаша зерделеуге, шығармашылық ізденістерінің ауқымын саралауға және кейінгі ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени оқиға деп білемін», делінген құттықтау хатта.

Экспозицияға музей қорындағы және суретшінің отбасы сақтаған туындылар қойылған. Олардың қатарында «Шопанның отбасы», «Жер туралы декрет», «Отан аспаны аясында», «Бұғаудан босау» секілді шығармалар бар.

Сахи Романов кескіндеме, графика және кино саласында жемісті еңбек етті. 1955 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдағаннан кейін «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды. Ол «Өмір жолы», «Алдар көсе», «Ән қанаты» және «Құлагер» фильмдерінің жарыққа шығуына атсалысты.

1967 жылы Сахи Романовқа Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1981 жылы Қазақ КСР-нің халық суретшісі құрметті атақтары берілді. Көрме Сахи Романовтың шығармашылық мұрасы мен ұлттық өнердің өркендеуіне қосқан еңбегін жан-жақты танытады.

Көп оқылғандар