Спорт

Рыбакина WTA чемпиондар жарысында көш бастады

Сурет: Қазақстан теннис федерациясы

Теннисші Елена Рыбакина Торонтодағы турнирден кейін екі сатыға көтеріліп, WTA чемпиондар жарысында 5277 ұпаймен бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Екінші орында 5065 ұпаймен Беларусь өкілі Арина Соболенко тұр. Ал ресейлік Мирра Андреева 5064 ұпаймен үшінші орынға түсіп қалды. Ол бұған дейін рейтингте бірінші болған еді.

Canadian Open-2026 турнирінде жеңімпаз атанған поляк теннисшісі Ига Швёнтек екі саты жоғарылап, 2954 ұпаймен оныншы орынға орналасты.

Қазақстанның тағы бір өкілі Юлия Путинцева бір саты төмендеп, 760 ұпаймен 57-орынға жайғасты.

Еске сала кетсек, Елена Рыбакина Canadian Open финалында поляк Ига Швентекке есе жіберген еді. Осы ойыннан кейін ол жанкүйерлерге, турнир ұйымдастырушыларына және өз командасына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Бұған дейін Рыбакинаның WTA 1000 санатындағы турнирдің финалына шыққаны үшін 564 920 доллар (262,8 миллион теңге) сыйақы алғанын хабарлаған болатынбыз.

Көп оқылғандар