Спорт

Рыбакина АҚШ ашық біріншілігінің финалына шықты

Сурет: ашық дереккөз

Теннисші Елена Рыбакина АҚШ ашық біріншілігінің (US Open) финалына жолдама алды. Ол «Үлкен дулыға» санатындағы доданың финалына жеткен Қазақстан тарихындағы тұңғыш теннисші болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жартылай финалда ол америкалық Коко Гауффпен кездесті. Бірінші сетті 3:6 есебімен ұтылып, кейін ойынды қолға алып, екінші және үшінші сеттерде 6:4 есебімен жеңіске жетті. Финалда Рыбакина АҚШ ашық біріншілігінде екі рет чемпион болған беларусь теннисшісі Арина Соболенкомен ойнайды. Соболенко жартылай финалда америкалық Джессика Пегуланы 7:5, 6:2 есебімен жеңді.

Бір аптадан кейін Жапонияда ХХ жазғы Азия ойындары басталады. Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы С тобындағы алғашқы матчын Қытай құрамасына 61:99 есебімен ұтылып қалды. Енді құрама бүгін Филиппин баскетболшыларымен, ал 14 қыркүйекте Бахрейн құрамасымен кездеседі.

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан WTA 125 санатындағы халықаралық турнирде Жібек Құламбаева жұптық сында жартылай финалға шықты. Ол үндістандық Рутуджа Бхосамен бірге Испания өкілдері Ирене Бурильо Эскорихуэла мен Лейре Ромероны 1 сағат 18 минутқа созылған кездесуде 6:0, 6:0 есебімен жеңді.

Оңтүстік Кореяның Хангвон қаласында өтіп жатқан пара оқ атудан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль алды. R1 сайысында 10 метрден пневматикалық винтовкамен нысана көздеуде Еркін Ғаббасов, Арсен Мұратов және Ардақ Отарбаевтан құралған үштік 1854,4 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді. Әлем чемпионы атағын 1867,1 ұпаймен Оңтүстік Корея құрамасы жеңіп алды, ал Үндістан мергендері 1856,3 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді. Тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы әлем чемпионаты 15 қыркүйекте аяқталады.

Аралас жекпе-жектен сынға түсіп жүрген Қаршыға Дәуітбек жапон спортшысы Рен Хирамотоға есе жіберді. Жапонияның Осака қаласында өткен Super RIZIN 5 турниріндегі үш раундтық айқастың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Р.Хирамотоға берді. Жекпе-жек қарсаңында жанкүйерлер Қаршығаның тәжірибесіне сенім артқан еді. Бұған дейін 23 кездесу өткізіп, оның 19-ында жеңіске жеткен қазақ файтерінің тәжірибесі қарсыласынан әлдеқайда мол болатын. Алайда бұл жолы жапон спортшысы басым түсіп, ММА-дағы бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Көп оқылғандар