Спорт

Роналду қатарынан 25 маусым гол соққан алғашқы ойыншы атанды

Сурет: Getty Images

Португалия құрамасы мен «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду жаңа тарихи рекорд орнатты. Ол Сауд Арабиясы чемпионатының алғашқы турында гол соғып, қатарынан 25 маусымда гол соққан алғашқы ойыншы атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бірінші турда «Әл-Наср» «Әл-Риядты» 4:0 есебімен жеңді. Кездесуде Абдулела әл-Амри 18-минутта, Анжело Габриэл 45+1-минутта, Жоау Феликс 58-минутта гол соқты. Ал Криштиану Роналду 83-минутта есепті түйіндеді. Ол матчқа 62-минутта қосылған.

Осылайша 41 жастағы Роналду ресми матчтардағы гол санын 977-ге жеткізді. Роналдудың қатарынан гол соққан маусымдар сериясы 2002/2003 жылғы маусымда басталған. Ол кезде футболшы «Спортинг» сапында алғаш рет кәсіби деңгейде гол соққан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Роналду 2026 жылғы әлем чемпионаты оның мансабындағы соңғы мундиаль болатынын айтқан. Ал жуырда спорт журналисі Мұхаммед Авад ойыншының келесі маусымда Португалия құрамасындағы мансабын аяқтауы мүмкін екендігін жазды.

Көп оқылғандар