Сурет: ашық дереккөз
Португалия ұлттық құрамасының капитаны Криштиану Роналду командадан кету туралы шешім қабылдады. Футболшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Роналдудың айтуынша, мұндай шешім ұлттық құраманың бас бапкері өткізген баспасөз мәслихатынан кейін және Португалия футбол федерациясының президентімен болған әңгімеден соң қабылданған.
«Ұлттық құрамадан кетуіме себеп болған жағдайлардың шындығын уақыты келгенде барлық португалиялықтарға айтып беремін. Мен ұлттық құрамаға әрдайым барымды салдым. Қазір Португалияға және барлық командаластарыма сәттілік тілеуді жөн көрдім», деп жазды футболшы.
Осы арада O Jogo басылымы Роналдудың Португалия құрамасындағы мансабын аяқтау туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, бұл шешім түпкілікті болуы мүмкін және футболшы енді ұлттық команда сапында алаңға шықпайды.
Бұған дейін Роналду Ұлттар лигасындағы Уэльске қарсы матчта алаңға шықпаған болатын. Осыдан кейін ол Португалия құрамасының жаттығуына да қатыспады.
Айта кетейік, бұған дейін Криштиану Роналду ұлттық құрамадағы мансабын қашан аяқтауды жоспарлап отырғанын да айтқан еді.
