Сурет: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігі «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастырып, маусым айынан бастап қарасора өсетін өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Операцияға полицейлер, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тартылған. Сондай-ақ тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда.
Polisia.kz мәліметінше, Шу өңірі ерекше назарға алынған. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды.
ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікеновтің айтуынша, қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы қызмет атқарып, автожолдарда, теміржол объектілерінде және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізуде.
«Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша «Қарасора» операциясы тиімділігін дәлелдеп келеді. Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалып жатыр», деді Елдар Әбдікенов.
«Заң мен Тәртіп» қағидаты шеңберінде аталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Мазмұнға өту
