Сурет: ТАСС
17 қарашаға қараған түні Қырым көпіріне дрондармен тағы шабуыл жасалды. Салдарынан екі адам қаза тауып, көпір құрылымдары зақымданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ресей Көлік министрлігі көпірдің автомобиль және теміржол бөліктеріндегі қозғалыстың уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Санкт-Петербург, Мәскеу және Адлерден Қырымға бағыт алған «Таврия» пойыздары кешіккен.
Ресей Тергеу комитеті шабуылға байланысты терроризм актісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Ведомство көпір құрылымдарының зақымданғанын растады.
«Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын және қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтап жатыр», делінген комитет хабарламасында.
Бұған дейін Қырым көпіріне бірнеше рет шабуыл жасалған. Алғашқы ірі оқиға 2022 жылғы 8 қазанда болды: көпірдің автомобиль бөлігінде жүк көлігі жарылып, екі аралық опырылып түсті, теміржол құрамындағы жеті жанармай цистернасы өртенді. Салдарынан бес адам қаза тапты. Автомобиль жолы 2022 жылғы 5 желтоқсанда толық қалпына келтірілді.
2023 жылғы 17 шілдеге қараған түні көпірге теңіз дрондарымен шабуыл жасалып, автомобиль бөлігінің бір аралығы зақымданды. Белгород облысынан шыққан ерлі-зайыпты қаза тауып, олардың кәмелетке толмаған қызы жараланды. Қалпына келтіру жұмыстары сол жылдың 14 қазанында аяқталды.
2025 жылғы 3 маусымда Украина Қауіпсіздік қызметі көпір тіректерінің су астындағы бөліктерін жарғанын мәлімдеген. 16 қарашада Қырым көпіріне тағы бір шабуыл жасалып, көлік қозғалысы шектеліп, Қырымға бағыт алған төрт «Таврия» пойызы жолда кідірді. Ресей тарапы шабуылдан ешкім зардап шекпегенін хабарлаған болатын.
Айта кетейік, 10-11 қараша күндері Абу-Дабиде АҚШ, Украина және Ресей үшжақты келіссөздер жүргізді. Алайда тараптар соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін нақты келісімге қол жеткізе алмады.
Мазмұнға өту
