Сурет: Nomad, 24.kg, Sputnik Қырғызстан
Бішкектің Бірінші мамыр аудандық соты 2024 жылы болған тікұшақ апатына қатысты іс бойынша Әуе күштерінің бұрынғы басшысы Қылычбек Айдаралиев пен әскери бөлімнің экс-басшысы Данияр Давитахуновты қамауға алды. Бұл туралы Қырғызстан Жоғарғы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сот шешіміне сәйкес, олар 2026 жылғы 19 желтоқсанға дейін қамауда ұсталады. Бұрынғы қолбасшыларға ұшу немесе оған дайындық қағидаларын бұзды деген айып тағылған. Бұл құқықбұзушылық үшін айыппұл салу немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, 2024 жылғы 17 қаңтарда Қырғызстан Қарулы күштерінің Ми-8МТВ тікұшағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде апатқа ұшыраған. Салдарынан бір әскери қызметші қаза тауып, тағы 11 адам жараланған.
Айта кетейік, Ақтау маңында 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты, олардың ішінде Қазақстанның алты азаматы болған.
Мазмұнға өту
