Сурет: vb.kg
Қырғызстан парламентінің депутаты Нұрбек Сыдығалиев ел астанасын Бішкектен Ош қаласына көшіруді ұсынды. Оның айтуынша, қазіргі астанадағы көлік кептелісі күн сайын күрделеніп барады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
18 қарашада Жогорку Кенеш отырысында депутат Ош қаласына барған сапары кезінде ондағы көпірлер мен жолайрықтардың салынып жатқанын көргенін айтты. Осы орайда ол Бішкек мэриясына оңтүстік астананың тәжірибесін үлгі етіп, көлік қозғалысы көп қиылыстарда осындай жолайрықтар салуды ұсынды.
Қырғызстанның Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орунтаев Ош қаласындағы эстакадалық көпірлердің құрылысы қажетті құжаттардың толық пакетінсіз басталғанын мәлімдеді. Қазір құжаттар ретке келтіріліп, құрылысқа жұмсалатын шығын көлемі есептеліп жатыр.
Ал Бішкек қаласының мэрі Айбек Джунушалиев елордада да осындай нысандар салынып жатқанын атап өтті.
«Ол жақта жолдар мен көпірлерді қандай жақсы салған! Мұндай нысандар бізге де қажет. Әйтпесе, кептеліс мәселесін шеше алмаймыз. Күн өткен сайын жағдай қиындап барады. Бұл мәселені осындай жолмен шешу керек немесе астананы көшіру қажет», деді Нұрбек Сыдығалиев.
Бұған жауап ретінде Айбек Джунушалиев астананы басқа қалаға көшірген жағдайда Бішкек тұрғындарының да сол жаққа қоныс аударуы мүмкін екенін айтты.
Алайда депутат халықтың бір бөлігі қазіргі астанада қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар ол көлік мәселесіне қала орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салуға рұқсат берген сәулетшілер жауапты деп санайтынын айтты. Оның пікірінше, құрылыс жұмыстары Бішкектің шет аймақтарында жүргізілуі керек еді.
Айта кетейік, бұған дейін де Қырғызстанда ел астанасын көшіру туралы ұсыныстар айтылған.
Өткен жылдың қаңтарында Қырғызстан парламентінің тағы бір депутаты Бақытбек Марипов Бішкектен астананы басқа жерге көшіруді ұсынған болатын. Оның пікірінше, бұл шешім қаладағы түтін мен көлік кептелісі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Ал өткен жылдың күзінде Қырғызстанда астананы Манас қаласына көшіру мүмкіндігі де сөз болған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы, Министрлер кабинетінің бұрынғы төраға орынбасары Қамшыбек Ташиев мәлімдеген еді.
Мазмұнға өту
