Сурет: Алматы әкімдігі
Қазақстанда құрылыс нысандарын инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату қағидалары бекітілді. Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 19 маусымда Өнеркәсіп және құрылыс министрі қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Құжат бойынша, нысанды желілерден ажырату алдында коммуналдық ресурстарды беру тоқтатылады. Желілерді пайдаланушы ұйымдар өтініш келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ажырату шарттарын беруге міндетті.
Нысанды бұзу мақсатында ажырату меншік иесінің шешімі, заңды күшіне енген сот шешімі немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүргізіледі. Жоюға жататын нысандар тізбесіне енгізілген ғимараттарды бұзуға қала құрылысы жобалары негіз болады.
Ажырату шарттарын алу үшін мердігер ұйым, уәкілетті мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган желілерді пайдаланушы ұйымға өтініш жолдайды. Өтініште ажыратуды бастамашы тұлға, нысанның орналасқан жері, желілердің түрлері, жоспарланған күн және негіздемелік шешімдердің деректемелері көрсетіледі.
Өтінішке өкілеттікті растайтын құжаттар, нысанға немесе жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар, қажет болған жағдайда сот шешімдерінің немесе жергілікті атқарушы орган шешімдерінің көшірмелері қоса беріледі.
Желілерді пайдаланушы ұйым ажырату шарттарын 10 жұмыс күні ішінде тегін береді. Құжатта қосылу нүктесі, ажырату күні мен уақыты, жұмыстар тізбесі, олардың мерзімі және шығындарды өтеу туралы мәліметтер көрсетіледі.
Нысанның желілерден ажыратылғаны арнайы актімен расталады. Актіге желілерді пайдаланушы ұйым қол қояды, онда ажыратуды бастамашы тұлға, орындалған жұмыстар және нақты ажырату нүктесі көрсетіледі.
Бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

