Спорт

ҚФФ Астанадағы футбол алаңындағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Сурет: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясы 10 тамызда Астанадағы футбол алаңдарының бірінде болған оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Алдын ала деректерге сүйенсек, жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлап, ол реанимация бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта балаға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

«ҚФФ балаға және оның отбасына қолдау білдіреді. Оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға берген. Қазіргі уақытта ҚФФ оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен спорттық құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Федерация оқиғаның себептерін анықтау үшін құзырлы органдарға қажетті ақпаратты ұсынып, тергеу жұмыстарына жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде футбол қақпасы жасөспірімнің үстіне құлап кетіп, бала медициналық көмекке жүгінген еді.

Көп оқылғандар