Сурет: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында қаралады. Бұл бастаманы Сенегал мен Біріккен Араб Әмірліктері қолдайтынын білдіріп, су тапшылығын шешуде мемлекеттердің бірлескен әрекетінің маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен брифингте қатысушылар халықаралық су ынтымақтастығын дамыту, тәжірибе алмасу және су инфрақұрылымы саласында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Сенегалдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Мамаду Ндиайе екіжақты және көпжақты ынтымақтастық сумен жабдықтау мен санитария мәселелерін тиімді шешуге көмектесетінін жеткізді.
«Жұмыс ойдағыдай ілгерілеп келеді. Бұл үдеріс жақын арада аяқталып, сумен жабдықтау және санитария саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Мұнда екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл маңызды рөл атқара алады. Дәл осы ынтымақтастық су тапшылығына байланысты мәселелерді тиімді шешуге көмектеседі», деді дипломат.
БҰҰ жанындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрақты өкілі Мұхамед Әбушахаб та Абу-Дабидегі конференцияда Қазақстанның ұсынысы талқыланатынын растады.
«БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында түрлі бастамаларды, соның ішінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысты талқылауға мүмкіндік туады», деді ол.
Халықаралық су ұйымын құру идеясын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ашхабадта өткен халықаралық форумда ұсынған еді. Жаңа ұйым мемлекеттердің жаһандық су ресурстарын басқару бағытындағы күш-жігерін біріктіріп, су мәселелерін энергетика, климат және азық-түлік қауіпсіздігімен байланыстыра қарастыруға ықпал етуі мүмкін.
Абу-Дабидегі конференция халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және су ресурстары саласындағы инновациялық шешімдерді талқылауға арналады. Іс-шараға шамамен 7 мың адам қатысуға ниет білдірген. Конференция аясында халықаралық ынтымақтастықтың алдағы бағыттарына арналған интерактивті диалог та өтеді.
Айта кетейік, жуырда Астанада өткен III Стратегиялық серіктестер форумының аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті арасында Қазақстанда өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қойылды. Келісім аясында Алматыда БҰҰ университетінің өңірлік зерттеу хабы ашылады деп жоспарланған.
Мазмұнға өту
