Спорт

Қазақстандық жасөспірім дзюдошылар әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды

Сурет: СТМ

Қазақстанның жасөспірім дзюдошылары әлем чемпионатында ел тарихындағы ең үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді. 18 жасқа дейінгі спортшылар жарыста 10 медаль иеленді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан құрамасы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Бұған дейін ел жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында мұндай нәтижеге қол жеткізбеген еді.

Командалық есепте де қазақ спортшылары жоғары көрсеткішке ие болды. Ұлдар құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орын алса, қыздар құрамасы екінші орынға ие болды.

Жарыста Фатима Супығалиева тарихи жетістікке жетті. Ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық дзюдошы қыз болды.

Турнирдегі нәтиже ұлттық құрамаларды даярлау жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа тәсілдердің тиімділігін де көрсетті. Париж Олимпиадасынан кейін спортшыларды даярлау жүйесін қайта қарау жұмыстары басталып, жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамаларының бірыңғай әдістеме негізінде жұмыс істеу моделі енгізіліп жатыр.

Дзюдодан бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан дзюдо федерациясы және «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізілуде. Отандық жаттықтырушылар шетелдік мамандармен, оның ішінде Эцио Гамба командасымен бірге жұмыс істейді. Жаңа жүйеде жаттығу процесін ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жекелей бейімдеу, қалпына келтіру, спорттық медицина және спортшылардың даму динамикасын тұрақты бақылауға басымдық берілген.

Министрлік бұл тәжірибені спорттың өзге түрлеріне де енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, семсерлесу, бокс және күрестен ұлттық құрамаларды даярлауда заманауи әдістемелер мен халықаралық тәжірибені қолдануға басымдық берілмек.

«Жасөспірімдеріміздің 10 медалі – бұл тек тарихи нәтиже емес. Біз үшін бұл жаңа тәсілдердің нақты нәтиже бере бастағанының дәлелі», делінген хабарламада.

Көп оқылғандар